"Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Үржар АПБ ҚҚБ бастығы полиция капитаны Жунусов Нурлан Эдгеевич және Үржар АПБ ҚҚБ КТІБ аға УПИ полиция капитаны Дүйсебаев Азамат Жомартканұлы «Үржар колледжі» КММ-нің жатақханасында тұратын студенттермен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіз орта қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігі туралы түсіндіріп, әрбір әрекеттің салдары болатынына назар аударды. Студенттерге қоғамдық орындардағы мінез-құлық, өзгенің құқығы мен мүлкіне құрметпен қарау, заң талаптарын сақтау мәселелері айтылды. Сонымен қатар колледжішілік тәртіп пен жатақхананың ішкі ережелерін сақтау – ортақ қауіпсіздік пен өзара сыйластықтың маңызды шарты екені атап өтілді.Әңгіме барысында есірткі мен темекінің адам денсаулығына, оқуына және болашағына тигізетін зиянына ерекше көңіл бөлінді. Жастарға зиянды әдеттерден аулақ болып, саналы таңдау жасау, бос уақытын пайдалы істерге арнау және күмәнді жағдайға тап болғанда сенімді ересектер мен мамандардан көмек сұрау қажеттігі түсіндірілді.
Кездесудің маңызды бөлігі буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға арналды. Полиция қызметкерлері қорлау, қорқыту және желі арқылы қудалау адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретінін айтып, студенттерді бір-біріне құрметпен қарауға шақырды. Мұндай жағдайға куә болған немесе өзі тап болған студенттің үнсіз қалмай, колледж әкімшілігіне, кураторына, психологке не құқық қорғау органдарына жүгінуі маңызды екені жеткізілді.
Тағылымды кездесу студенттерге заңға құрмет күнделікті тәртіптен, өз ісіне жауапкершілікпен қараудан және айналасындағы адамдарға жанашырлық танытудан басталатынын ұғындырды. Осындай алдын алу жұмыстары жастардың қауіпсіз ортада білім алып, саналы әрі жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.













