ШҚО білім басқармасының "Үржар колледжі" КММ
Еңбек күніне орай Үржар колледжінде «Еңбек адамы – елдің тірегі» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті. Тағылымды шараны колледж директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жупар Баймухаметова ұйымдастырды. Кездесуге Үржар ауданының Мансап орталығының мамандары Бекзат Мақсатқызы, Амангелды Ғалбятұлы, Анар Серікқызы қатысып, студенттермен еркін пікір алмасты. Іс-шараның басты мақсаты – білім алушыларға адал еңбектің қадір-қасиетін түсіндіру, еңбекқорлық пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу, жастарды саналы кәсіби таңдау жасауға және ел игілігі жолында қызмет етуге бағыттау болды.Кездесу барысында Мансап орталығының мамандары қазіргі еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар, жастарды жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар, жұмысқа орналасу жолдары және кәсіби біліктілікті арттыру мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ еңбек жолын бастаған жас маманға қажет жауапкершілік, табандылық, ұқыптылық және кәсіби шеберлік жөнінде пайдалы кеңестерімен бөлісті. Еңбек адамы – қоғамның қозғаушы күші, ел дамуының берік тірегі. Қандай мамандық иесі болмасын, өз ісіне адалдықпен қарап, маңдай терімен еңбек еткен жан әрдайым құрметке лайық. Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың бойына еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік пен отаншылдық қасиеттерін сіңіріп, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашады.Кездесу соңында қатысушылар еңбекке құрмет көрсету – әр азаматтың басты міндеті екенін атап өтіп, «Адал еңбек – жарқын болашақтың негізі» деген ортақ ой түйді. #Адал_азамат_Абай_облысы_ТиПО #Үржарколледжі #Еңбек_адамы__Абай_облысы