ШҚО білім басқармасының "Үржар колледжі" КММ

"Үржар колледжі" КММ - де жастар тәрбиесі мен денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды әрі мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Бұл тағылымды шараға "Үміт" жастар денсаулық орталығының білікті мамандары - терапевт дәрігер Г. Жұмабаева, уролог Ж. Ешингазин, гинеколог Ж. Мұқаш және психолог Ж. Ахметова қатысып, студенттермен ашық әрі еркін форматта сұхбат құрды. Кездесудің негізгі мақсаты - жастар арасында өзекті болып отырған мәселелердің алдын алу, олардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау болды. Мамандар бірнеше маңызды тақырыптарды қамтып, әрқайсысына кеңінен тоқталды.

"Аутодеструктивті мінез - құлықтың алдын алу" тақырыбында психолог Ж. Ахметова жастардың психологиялық жай - күйіне әсер ететін факторларды түсіндіріп, күйзеліс, жалғыздық, өз - өзіне сенімсіздік сияқты мәселелердің алдын алу жолдарын атап өтті. Сонымен қатар қиын жағдайларда көмекке жүгінудің маңыздылығы айтылып, өмірге деген оң көзқарасты қалыптастыру жолдары ұсынылды.Ал "ЖЖЖИ - дің алдын алу" тақырыбында дәрігерлер жұқпалы аурулардың таралу жолдары мен олардың салдары туралы нақты мәлімет беріп, сақтану шараларын түсіндірді. Жастарға өз денсаулығына бейжай қарамау, уақытылы тексеруден өту қажеттігі ерекше атап өтілді.

"Зиянды заттардың алдын алу" мәселесі де кеңінен қозғалды. Мамандар темекі, алкоголь және басқа да зиянды әдеттердің адам ағзасына тигізетін кері әсерін ғылыми тұрғыда түсіндіріп, олардан аулақ болудың маңыздылығын жеткізді. Жастарды дұрыс таңдау жасауға, болашаққа жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Сонымен қатар "Ерте жүктіліктің алдын алу" тақырыбы аясында гинеколог Ж. Мұқаш жасөспірімдер арасындағы бұл мәселенің салдары мен оның алдын алу жолдары туралы ашық әрі түсінікті әңгіме өрбітті. Жауапкершілік, білімділік және саналы шешім қабылдау - басты қағидат екені айтылды.Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі пайдалы кеңестер алды. Мұндай кездесулер - өскелең ұрпақтың саналы, білімді әрі дені сау болып қалыптасуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі екені сөзсіз.

#Адал_азамат_Абай_облысы_ТиПО

#Үржарколледжі

#Алдын_алу_шаралары