«Үржар колледжі» КММ-де сәуір айының басында әдістемелік жұмыс жоспарына сай ф.ғ.к., әдіскер Ж.К. Турысбекованың ұйымдастыруымен жалпы білім беру пәндер бірлестігі және арнайы пәндер бірлестігі арасында «Әдістемелік дуэль» сайысы өтті. Сайыстың мақсаты – арнайы пән және жалпы білім беру пәні оқытушыларының кәсіби шеберлігін шыңдау, өзара тәжірибе алмасу, жаңа идеялармен бөлісу. Сайыс бірнеше кезеңдерден тұрды. «Таныстыру» кезеңінде пән бірлестік мүшелері эмблема, формаларымен пән бірлестігін және педагогикалық ұстанымдарын таныстырды. «Шеберлік алаңы» кезеңінде өздерінің тиімді әдіс-тәсілдерін, тәжірибесін және сабақта қолданатын инновациялық технологияларын ұсынды. «Пәнаралық дуэль» кезеңінде екі пән бірлестігіне ортақ тақырып берілді. Олар өз пәні тұрғысынан қысқа сабақ элементін көрсетіп, пәнаралық байланысты ашты. «Жедел шешім» кезеңінде қатысушыларға педагогикалық жағдаят ұсынылды. Олар қысқа уақытта тиімді шешім ұсына алды. «Сұрақ-жауап» кезеңінде қатысушылар берілген сұрақтарға нақты әрі қысқа жауап берді. «Менің хоббиім» атты соңғы кезеңде қатысушылардың жеке қызығушылықтары мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру дағдылары таныстырылды. Сайыс қорытындысында әділқазылар алқасының шешімі бойынша жалпы білім беру пәндер бірлестігі жүлделі бірінші орынды, арнайы пәндер бірлестігі жүлделі екінші орынды иеленді. Орыс тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Н.К. Токабаева «Креативті ұстаз», педагог-психолог С.М. Дакина «Белсенді ұстаз», оқу-өндіріс шебері Д.Е. Тулеуов «Жаңашыл ұстаз» номинациясына ие болды. Кәсіподақ комитетінің төрайымы М.О. Аилбекова кәсіподақ атынан барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыс етті.













