«Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол - білім! Ол – еңбек!» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Таскескен ауылында «Үржар колледжі» жастарға кәсіптік білім беру бағытында нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Мен, Турлыбекова Сетер І –ші курс студентінің ата-анасымын .Көп балалы ата-анамын. «Үржар колледжі» туралы пікір білдіргім келеді. Колледж қазіргі таңда ауыл шаруашылығына өте қажет «Фермер шаруашылығы», «ВС категориялы автомобиль жүргізушісі», «Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторист -машинист», «Тамақты ұйымдастыру», «Дәнекерлеу ісі», «Ветеринария» мамандықтары бойынша білім беріп жатыр. Оқу орнының материалдық -техникалық базасы бай. Оқу кабинеттері қазіргі заман талабына сай интерактивті тақтамен, компьютермен, өндірістік шеберханалары өз мамандығына байланысты өндіріс құралдарымен жабдықталған. Интернет желісіне қосылған. Бұл колледжде аудан ғана емес, басқа аудан, қалалардан келіп білім алып жатқан жастар көп. Соның бірі - менің балам. Ол«Фермер шаруашылығы» бойынша мамандық алып жатыр. Балам табиғатына байланысты ұяң, тұйық мінезді еді. Ата - ана ретінде көп алаңдаушы едім. «Үржар колледж» қабырғасында білім алғаннан бастап, баламның бойынан оң өзгерістер байқап, қуандым. Оның барлығы колледждің оқу-тәрбие процесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетеді. Мамандығының қыр-сырын терең меңгерумен қатар айналасында болып жатқан өзгерістерге ойлы көзбен қарауға, пайымдауға, өмірге бейімделуге, мүмкіндік туғызатын әр түрлі саладағы үйірмелер , сондай - ақ өнерлі жастарды тәрбиелеу мақсатында ән үйірмесі, көңілді тапқыштар клубы жұмыс жасап, сабақтан тыс өткізілетін іс-шаралар арқылы әрбір жасөспірімді қайталанбас тұлға деп қарастырып, оның өзгеше шығармашылық қасиеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған. «Салауатты өмір салтымыз» девизімен бірнеше спорттық үйірмелер: футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, шаңғы жұмыс жасап жатыр. Жыл сайын «Денсаулық фестивалі» өтіп тұрады.
Жаңа ғасырдағы Қазақстан елінің үміт артар келешегі бүгінгі ұрпақ десек, оларды жан - жақты уақыт талабына сай білімді азамат етіп шығару ертеңіне ие болар азаматтарды оқыту мен тәрбиелеу ісі - егемен еліміздің еңселігінің көкейтесті мәселелерінің бірі. Демек, оқытудың жаңа технологияларын пайдалана отырып, білім сапасын арттыру, жан-жақты дамыған, рухани дүниесі бай ұрпақты тәрбиелеу - кезек күттірмейтін мәселе.
Осы мамандықтардың қыр - сырын меңгеріп, терең білім алуға атсалысып жүрген директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, колледж әдіскері, директордың оқу - өндіріс жөніндегі орынбасары, оқытушылар және оқу-өндіріс шеберлері. Жыл сайын студенттердің өз мамандығына қызығушылығын арттыру мақсатында әртүрлі сайыстар және пәндік олимпиадалар,пәндік апталықтар өтеді. Мамандыққа байланысты әртүрлі колледжішілік сайыстар өтеді .Одан жүлделі орындар алған студенттер облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, жүлдегер атанды.Биылғы оқу жылы желтоқсан айында Қостанай қаласындағы республикалық сайысқа ШҚО командасы қатысып,нәтижелі өнер көрсетті,соның ішінде осы колледж студенті мен оқу-өндіріс шебері де бар.
«Мамандық бойынша өткен әр сабақ бізге қызықты әрі түсінікті. Өндіріс орындарында өтетін тәжірибе сағаттары да өз кәсібімізді меңгеруге көмектеседі»-дейді балам. «Мен мектепте жүргенімде мерекелік іс –шараларға қатысып,өзімді көрсеткен емеспін.Алғаш колледжге түскеннен бастап түрлі мереке, байқауларға қатысып келемін. Біздің колледж әкімшілігі әр мерекенің жоғары дәрежеде өтуін қадағалайды.Сондықтан білім алушылар мен оқытушылар жиі дайындықтар өткізіп, жастардың қызығушылықтарын арттырып, дарын, қабілеттерін ашып отырады. Бұл білім ордасы мені жаңа көзқараспен қарауды, алға мақсат қоя білуді,жауапкершілікті болуды үйретті. Білімімді одан әрі жетілдіріп,өз мамандығымның қыр- сырын терең түсіне бастадым,- дейді ол.
Колледж қабырғасында білім алып жатқан студенттерге шәкіртақы тағайындалған, жатақханамен қамтамасыз етілген, үш уақыт ыстық тамақ ұйымдастырылған. Балалардың организміне қажетті дәрумендермен қамтамасыз ету үшін аптасына екі уақыт бал, сүт, күнделікті сары май, жеміс және көкөніс салаттары беріледі.Ыстық тамақта ет тағамдары еш үзілмейді. Аспазшылардың тағамы өте дәмді, тіл үйіреді. Жатақханадағы студенттерге барлық жағдай жасалған.Акт залында плазмалық теледидар қойылған,студенттер кешкі уақытта жаңалық тыңдап,кинофильмдер, спорттық және музыкалық хабарлар көруге мүмкіншілігі бар. Жұма сайын дискотека ұйымдастырылады. 1 этажда стол теннисі қойылған, бос уақытта студенттерді осы жерден табуға болады.Мол кітап қоры бар кітапхана да жатақханада орналасқан. Кітапханада әр мамандыққа байланысты кәсіптік білімнің теориялық мазмұнын меңгеруге арналған әдебиет көп.Кәсіптік білім туралы журналдар, аудандық, облыстық, республикалық газеттер топтамасы жинақталған. Көркем әдебиет қоры да баршылық.
Облыстық кәсіптік колледждер арасында «Үржар колледжінің» шоқтығы биік боп тұрған себебі, жетістіктерге жетуі - осы оқу орнын басқарып отырған Чарахметов Қ. М. Ол - жоғарғы ұйымдастырушылық және іскерлік қабілеті басым, жарқын бастамалардың қолдаушысы, алдына талап қоятын, өз ісіне мұқият, ақылман басшы.
Бала тәрбиесі - үлкен төзімділікті, сүйіспеншілікті, шығармашылық шабытты талап ететін жалпы қоғамдық , әлеуметтік жоба,оны іс жүзіне асыру тек мұғалімнің ғана емес ,ата-ананың және қоғамдағы әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Ата-ана: Турлыбекова Сетер