ШҚО білім басқармасының "Үржар колледжі" КММ

«Үржар колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде әдістемелік жұмыс жоспарына сай жалпы білім беру пәндері онкүндігі аясында ақиық ақын, артына айрықша өшпейтін із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, М. Мақатаевтың өлеңдері мен әндері арқылы білім алушыларды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелей отырып, поэзия әлемінің сырын ашу мақсатында «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеште колледж оқытушылары мен студенттер ақынның өлеңдерін жатқа оқумен қатар, оның өлеңдеріне жазылған тамаша әндерді де нақышына келтіре шырқады. Ақын туралы видео сюжеттер көрермен назарына ұсынылды.

Айтылмаған Мұқаңда арман бар ма?
Әр бір әні толы ғой армандарға
Шерте білген мұңдарын жас қайынға
Дәл Мұқандай қазақта ақын бар ма? –

деп бүкіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен ,халқына деген махаббатын поэзияда ғана емес өмірде де, күресте де үлкен азаматтықпен қорғай білген М. Мақатаев мұралары ешқашан өлмек емеc. «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан - жылға, ғасырдан - ғасырға жалғаса бермек. Кешке қатысқан тыңдарман қауым Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанық болып,рухани азық арқалап қайтты.