ШҚО білім басқармасының "Үржар колледжі" КММ

«Үржар колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекеме Үржар ауданы, Таскескен ауылында орналасқан. Бұл оқу орны 1960 жылы 19 қыркүйек айында №127 Аякөз ауылшаруашылық-механикалық училищесі болып құрылған. 1965 жылы 1 қазан айында №127 кәсіптік-техникалық училище болып өзгертілді. 1984 жылы 13 тамызда №20 орта кәсіптік-техникалық училищесі деп атауы өзгерді. 1996 жылы 27 мамырда білім саласындағы реформаларға байланысты №20 кәсіптік-техникалық мектеп болып өзгерді. 2003 жылы 22 мамырда №20 кәсіптік мектеп болып өзгеріп, 2009 жылы  12 қаңтар айынан бастап,  №18 кәсіптік лицей болып өзгерсе, 2012 жылдың 14 маусымынан бастап,  «Үржар колледжі» КММ болып жұмыс жасауда.

Мен Актанбердинова Айгуль Белдибековна Үржар ауданындағы Қазымбет ауылының тұрғыны, балам оқитын мекеме туралы, өз пікірімді білдіргім келіп тұр.


Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Таскескен ауылында «Үржар колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі орналасқан. Осы мекемеге 2017-2018 оқу жылында менің балам негізгі орта біліммен оқуға қабылданды.


Әлемде 50 мыңға жуық мамандық бар екен. Ауылшаруашылық саланы дамытуға қазір көптеген кадрлер даярлау басты назарға алынып отыр екен, және де ауылшаруашылық мамандық иелері ауылға өте қажет. Сондықтан, балам екеуіміз, ойлана келе, өзіне қажетті, өз қабілетіне, икемділігіне қарай сәйкес мамандық қарастырып отырып, ауыл-шаруашылығы саласындағы мамандық таңдауға бел будық. Үржар колледжін таңдағанымыздың тағы бір себебі, менің балам өздігінен көп шешім қабылдай алмай, күтілмеген жағдаяттарда тез іс-әрекет жасай алмайды және есте сақтау қабілеті де төменірек, мектепте болып жатқан нәрселерге көп мән бермей жүретін. Орта мектепті жамандағаным емес, бірақ мектепте оқыған кезде, осы қабілеттері көп өзгермей жүретін. Менің байқағаным, балам осы колледжде оқығалы, күрт өзгерді. Ойы жинақталып, болашаққа деген көзғарасы нақтыланды. Мектептегі өзіне қызықсыз жалпы пәндерден гөрі, техникаға деген қызығушылығы одан әрі арта бастады, әрі бұл іске икемдігінің бар екенін де байқады.


Мен, көптеген адамдардан Таскескен ауылындағы колледж туралы жақсы пікірлер көп еститінмін, сондықтан сол колледжге барып көрейік деп, баланың жеке бас құжаттарын тапсырып қойғанбыз.


Сонымен, былтырғы оқу жылында балам негізгі орта біліммен «Үржар колледжі» КММ-не «Фермер шаруашылығы» мамандығы бойынша І курсқа оқуға қабылданды. Қазір ІІ курс студенті. Мен баламмен бірге, оқу жылының басы қыркүйек айында, колледжді өз көзіммен көрейін деп,ілесіп бардым.


Бұл колледжде Үржар өңіріндегі бүкіл ауылдардан, басқа да аудандардан, қалалардан келіп оқитын студенттер аз емес екен.


Бірінші, баланың тұратын жері, колледждің жатақханасына бардым. Жатақханасы өте үлкен, таза, жылы екеніне көз жеткіздім, ішіне кұрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жатын бөлмелері жарық, тап-таза, маған ұнады. Студенттер бос уақытын өткізетін, ішінде теледидарымен акт залы бар, жуынатын бөлмелер заманауи түрінде жасалған. Сондай-ақ, жатақханада колледж кітапханасы да орналасқан. Кітапханаға кіріп едім, мені бір өте мейірімді кітапханашы қарсы алды. Кірген бетте көзіме, неше-түрлі кітаптар толы, сөрелер түсті. Кітапхана қоры үлкен, әр мамандыққа, әр пәнге арналған жап-жаңа оқулықтар табуға болады, көркем әдебиеттер де өте көп.


Маған ұнағаны, студенттер үлкен қызығушылықпен оқу залында отырып, үй тапсырмаларын орындап немесе кітаптар оқып отырады екен.


Жалпы жатақхана қызметкерлері өте жағымды адамдар. Жатақхана тәрбиешісі, жатақхана меңгерушісі, тіпті кіші қызметкерлері де жұмыстарына берілген адамдар екеніне көз жеткіздім.


Баламның анасы ретінде, сол күнінен бастап, колледжбен тығыс қатынастамын.


Жалпы колледж туралы пікірім мынадай.


Біріншіден, колледж барлық қажетті материалдық-техникалық базамен, сондай-ақ қазіргі заманға сай зертханалармен жабдықталған. Жұмыс тәжірибесі зор оқу орны.


Балам, колледжге түскеннен кейін, мамандығы жайлы тереңірек біле бастады. Және де оқып жатқан мамандығының арнайы пәндері балаға өте қызық, пәнге деген қызығушылығын арттыруға арнайы пәндер оқытушылары өз үлестерін қосуда деп ойлаймын. «Мамандық бойынша өткен әр сабақ маған қызықты әрі түсінікті», - дейді балам. Түстен кейінгі уақытын да, балам колледжде өткізеді. Тобының оқу-өндіріс шеберлері техникамен жұмыс істетеді.


Колледж зертханасын аралап едім, мұнда көргенім, кабинеттер осында оқитын барлық мамандық бойынша жабдықталған. Мысалы, мамандықтар бойынша лабораториялық-практикалық сабақтары өткізілетін кабинеттер бар. «Фермер шаруашылығы» мамандығынан  істегі трактормен жұмыс жасатады, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша, дәнекерлеу жүмыстарын жасатады, студенттер темірдерден неше түрлі оюлар, сынып қалған парта орындықтарды дәнекерлеп жатқанын көрдім, «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығынан неше түрлі тамақ әзірлеуді үйретеді. Осы кабинеттер қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықталған.


Теория сабақтары жайлы да тек жақсы пікір айта аламын. І курста мектепте оқылатын жалпы пәндер оқытылады. Мұғалімнің рұқсатымен, мен ана тіліміз, қазақ тілі сабағына қатыстым. Сабақ өте әсерлі болды, студенттердің барлығы қызығушылықпен қатысып отырғанын байқадым, тіпті менің балам  сұрақтарға жақсы жауап айтып, үздік баға алғанына қатты қуандым.


Колледждер арасында  облыстық, республикалық сайыстар жиі болып тұрады. Сол сайыстарға колледж студенттері барып, қатысып жүлделі орындарға ие болып жатады.


Және де, маған ұнағаны, колледжде бір топпен екі немесе үш адам, яғни, топ кураторы мен оқу-өндіріс шеберлері тығыс байланыста болып, жұмыс істейді. Топ кураторы баланың жеке құжаттарына жауап берсе, оқу-өндіріс шеберлері баланың оқып жатқан мамандығының сапалы болуына жауапты.


Колледждің тәрбие жұмысы туралы да тек қана жақсы пікір туындап, жоғарғы деңгейде деп айта аламын, өйткені балаларымыздың бос уақыты қызықты ұйымдастырылып, сыныптан тыс іс-шаралар жиі өткізіледі. Мысалы, мектепте оқыған кезде мінезі тұйық, ешқандай іс-шараларға қатыспай жүрген балам, колледжге барып сахнаға шығып кетті. Неге екенін білмеймін, қазір, қандай іс-шара болсын, түрлі мереке, байқауларға балам қызығушылықпен қатысып отырады. Біз, ата-аналар, топ жетекшінің «серіктестеріміз», сондықтан біз сол адаммен тұрақты байланыс орнатып, қолдап отырамыз. Топтық немесе жалпы ата-ана жиналыстары  өткізіліп отырады. Сол жиналыстарда балаларымыздың үлгерімі, тәртібі, тәрбиесі туралы біліп, үйден қадағалап отырамыз.  


Қазақстанның дамуы, әлемнің озық елдерінің қатарына қосылуы үшін ауылшаруашылық мамандықтар аса қажет. Баламның алып жатқан мамандығы солардың қатарында деп есептеймін.


60 жылға жуық тарихы бар Таскескен ауылындағы «Үржар колледжі» КММ-ң ұжымына еңбекте табыс, дендеріне саулық тілей отырып, білімді, талапты, білікті, жан-жақты маман тәрбиелеу ісінде талай асуларды бағындыра берсін дегім келеді.

     

     

Ата-ана: Актанбердинова Айгуль Белдибековна